close

You are here

21 May 20173448

САЛАҚ “АСТ КАЗАХСТАН” МЕН ОЛАҚ “БАҚ” ПСЕВДОЭКСПЕРТТЕРДІҢ ҚАТАРЫНА ҚОСЫЛДЫ (СТАТИСТИКАНЫҢ ҚАТЕЛІГІ)

18 Мамыр күні Қазақстанның бірқатар БАҚ (Tengrinews.kz, Nur.kz, Sputniknews.kz, Informburo.kz) өкілдері “АСТ Казахстан” компаниясының үлкен күмән мен қыруар сұрақ туындататын “Қазақстандықтардың гомосексуалисттерге көзқарасы қандай” деген атаудағы “зерттеуін” жариялаған болатын. Жұрт арасында ЛГБТ қауымдастығының атын жамылып, шу шығарып, рейтинг жинауға тағы да бір мүмкіндік туды. Бұл мүмкіндікті есі шыға күтетін біздің БАҚ бұл зерттеу сымақтың сапасын, мәнін түсініп алмастан жайып-ақ жіберді. Бұл, әлбетте, біздің БАҚ-қа үлкен сын. Бүтіндей бір мемлекетті ақпаратпен қамтамасыз етіп отырып, ең болмаса статистиканы жүргізу қағидаларын білмеген журналист азаматтар қоғамның надандығын өз надандығымен еселей түскендей.

“Статистиканың” өзіне назар аударар болсақ, зерттеушілер тақырыпты “Қазақстандықтардың гомосексуалисттерге көзқарасы қандай?” деп қойыпты. Тіпті “гомосексуалист” сөзінің қолданысы компанияның ЛГБТ мәселелерімен мүлдем таныс емес екендігін көрсетеді. Дегенмен, бұл атау компанияның мойнына үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі, енді бұл зерттеу барлық Қазақстандықтардың ойын білдіруі міндетті емес пе? Әлбетте, әрбір қазақстандық азаматтың көзқарасын сұрап шығу мүмкін емес. Сондықтан “АСТ Казахстан” 1000 адамды таңдап алған екен. Әпенде-сарапшылардың статистика туралы білімдері осы жерден бітеді. Ары қарай, ол мың адамды қалай таңдағанына көз жүгіртсек, ғалым сымақтардың біліксіздігінен ұялуға себеп бар.

Қазақстан азаматтарының барлығы бірдей емес екендігі белгілі. Сондықтан, таңдалған мың адамның ішіне демографиялық мәліметтерге сәйкес келетін қатынаста әйелдер мен еркектер, қалалықтар мен ауылдықтар, жоғары білімі барлар мен жоқтар және әрбір жас сегментінің пайыздық көрсеткіштері сәйкестендірілуі керек еді. Бұл секілді зерттеулерде, тіпті, респондентті қаланың қай жерінен жүріп тапқандығының өзі маңызды болады. Оған қоса, майда әріппен тек қана жеті облыстан респондент жиналғанын көрсете отырып, зерттеу барлық қазақстандықтардың атынан сөйлейді. Ол жеті облыстың қандай облыстар екендігін компания өз сайтында да, БАҚ өз мақалаларында да көрсетпеген. Мысалы, тек қана Батыс және Оңтүстік облыстардағы жауаптардың Солтүстік, Орталық және Алматы облысының жауаптарынан өзгеше болатыны кез келгенге мәлім. Қорыта келгенде, зерттеу мәліметтері қазақстандықтардың көзқарасынан нақты хабар бермейді. Дәл осы компанияның сәуір айындағы тағы да бір зерттеуі, тағы да саннан шатасып, тілі шықпаған нәрестелер мен 70-тен асқан шалдарды да әлеуметтік желілерге кіргізіп қойғаны да компанияның өз мәліметтеріне салақ, немқұрайлы қарайтындығын көрсеткен болатын. Егер “АСТ Казахстан” осы секілді жүйелі түрде қате мәліметтер жариялай беретін болса, тұтынушы және, әсіресе, БАҚ осыған назар аударып, наразылық білдіру қажет емес пе?

 “ЛГБТ-ға қандай қатынас көрсету керек?” деген сұрақтың жауаптары тура бес бөлікке бөліне қалғанына қарағанда, компания сұрақтың жауап нұсқаларын берген. Ал нұсқалардың өзі де әр респондентті негативті арнаға жетелейтіні көрініп-ақ тұр.

Алайда, бұл жердегі басты кінә БАҚ-та! Зерттеудің бүге-шүгесін жасырын ұстап, “барлық қазақстандықтардың көзқарасы осындай” деп жар салу өтірік ақпарат таратумен тең. Ал егер Қазақстанда БАҚ рейтинг қуып, өтірік ақпарат тарататын болса, ендеше ондай БАҚ-тың пайдасынан зияны мол. Ондай ақпараттың болғанынан болмағаны жақсы. 

Пікірлер

Log in or register to post comments

Или войти через:

You are reporting a typo in the following text:
Simply click the "Send typo report" button to complete the report. You can also include a comment.