close

You are here

Айыптаймын

04 August 2017 3711

Менің досым бақилық болды. Тіршілігінде ақыл мен сұлулықтың айнасындай болған жанары неткен жарқын еді, күлімсіреген жүзі неткен жылы еді, мінезі неткен асау еді. Енді ол о дүниелік болды. Өз жанын өзі алды.

Кім кінәлі? Полиция өз сауатсыз сандырағын жазар да, қояр. Ал менің жауабым басқа. Мен айып тағамын! Оны өлтірген мына сендер!

Шыншылдық онымен бірге  туғандай, жалған сөз бен өтірік лебіз оған індеттей болып тиетін.

Алайда, ол өмір сүрген әлемде жасырыну, ақиқатты жартылай айту, аузыңа құм құйылғандай болып күн кешу өмірдің басты қағидасы еді. Ол бұндай өмірге шыдай алмады. Өз анасы мен қарындасына, достары мен жақындарына, жұмыстастары мен көршілеріне жалған сөйлей алмады.

Мен айып тағамын!

Сөйлеме, қимылдама, тығыл да жүр, қараңғы ініңде тыныш жатсаң саған не жетпейді дейтін гейлер, оны сендер өлтірдіңдер. Оны сендердің үнсіз келісімдеріңмен өлтірді.

Қарғыс атқыр гомофобтар! Шын сезімімізді сендерден қорыққаннан көрсете алмай пәтерлер мен жабық клубтарда тығыламыз. Оны сендер өлтірдіңдер!

Еркек адамның өз қалағанынша киініп, күтінгенін көп көргендер, сендерге де тағар айып бар. Сырға болмайды. Тату болмайды. Сәнді шаш үлгісі де болмайды. Ашық түсті шалбар ма? Тіпті атын да атама.

“Еркектің еркектігі” тек әйелмен жыныстық қатынасқа түссе ғана дәлелденеді деп ойлайтын “дәстүршілдер”, оны сендер де өлтірдіңдер. Отбасы мен бала туралы сұрақтарыңмен миды жеп, бірақ өз сүйгеніне қосылуға рұқсат бермейтіндер, айып тізімінде сендер де барсыңдар.

Һәм ұнамайды ма, елден кет дейтін әрбір боқмұрын, сендерге де айып тағамын.

Менің досым жай ғана бақытты өмір сүргісі келді. Осы жерде, осы мезетте сүйгенімен бірге күн кешкісі келді. Бірге бала өсіргісі келді.

Неге бұны көп көрдіңдер? Осы бақыттан айыру үшін ғана адам өмірінің құнын төлеуге барсыңдар ма?

Мен барлығына һәм өзіме де айып тағамын.

Мен де оның жан айқайына құлақ түрмедім. Оның шындығы мен оның арман-үмітін әлемге жеткізу қолымнан келмеді. Орнына әлем тек оның жансыз мүрдесін көрді.

Оның күші шындықта еді. Шындықты айтарда еш қаймықпайтын. Содан да болар, жалған сөзге, бетперделерге толы әлемде өмір сүру ол үшін тым ауыр болды.

Мен айып тағамын …

Шындық. Сан сыннан өтіп, бақытты болу құқығына әлі күнге дейін жете алмаған адам баласы үшін жалбарынып сұрарым тек шындық қана.

Пікірлер

Log in or register to post comments

Или войти через: