close

You are here

12 October 20174005

Каминг-аут күнінің жалғыздығы

11 Қазан күні Каминг-аут, яғни жария болу күні келіп өтіп кетті. Бұл күн бостандыққа шақыратын, қуанышқа толы күн. Бірақ, өкінішке орай, осы күн біздің қауымды қақ жарады.

Каминг-аут – кез келген гей адамның өміріндегі айтулы оқиға. Алғашқы рет жаныңа жақын адамға “мен геймін” деп айту үшін қаншалықты батылдық керек болса, осы сөздерді айтқаннан кейінгі жеңілдік, бақыт дәл сондай тәтті. Сол сәттен бастап жаныңды жегідей жеген жалғыздық бір адым артқа шегінгендей болады. Аласапыран қауымда менің де орным бар екен-ау деген ой жігер береді. Сол себепті де, біз каминг аутты қауымның әр мүшесіне тілейміз.

Дәл осы күні сан тарапта жария қыл, айт деген үндеулер көбейіп кетеді. Шет елдік медиада белгілі гейлер өздерінің каминг-ауттары қалай болғандығы туралы айтып, сен де солай істей аласың дейді. Алайда, іс жүзіне келгенде бұл соншалықты оңай іс емес қой. Біздің елде кез келген каминг-аут сәтті өтсе, ол батылдықтың емес, қайсарлықтың емес, жолы болғыштықтың нәтижесі болса керек. Себебі, толерантты отбасында туылу жолы болғыштықтың нышаны. Толерантты қалада тұру һәм жолы болғыштықтың нышаны. Ал адам жолы болғанына мақтанбаса керек емес пе?

Каминг-аут деген сөздің өзі де ағылшын тіліндегі нұсқасынан аударғанда “шкафтан шығу” деген мағынаны білдіреді. Ол шкафтың ішіндегі қараңғылық, жалғыздық пен ұдайы үрей біріміздің есімізден әлі кетіп үлгерген жоқ, ал көбіміз әлі күнге сол түнекте жасап келеміз. 11 қазанның да қауымды қақ жаратыны сол, ол күн бізді жолы болғандар мен болмағандар деп бөліп тастайды. Ал жолы болғандар өз бақытын қара түнекте қамалғандардың бетіне басса, сен неге әлі күнге дейін шкафта отырсың деп жазғырса, ол ағаттық болмақ.

Идеалды әлемде бізге бұндай күн керек болмас та еді. Бірақ каминг-аут ЛГБТ қауымының әр бір мүшесінің өмірінде маңызды қадам ретінде қала береді. Каминг-аут бізден кейін әлі қанша ұрпақ үшін қажетті болатынын кім білсін? Бірақ есте әрдайым сақтау керек бір жайт: каминг-аут – жалғыздың жолы. Ал Каминг аут күніндегі біздің басты мақсатымыз осы жалғыздыққа қарсы күресу болса абзал.

Шкафта отырға адамның түнектен басқаға көзі жетпейді. Ендеше, осы жандарға жарық жеткізу, олардың жалғыз емес екендігін көрсету, күллі қоғамды толеранттылыққа бір адым болса да жақындатуға тырысу ЛГБТ белсенділері мен олардың достары, туыстары һәм тең құқық пен бостандыққа сенетін әрбір азаматтың парызы болуы тиіс. “Әй, шық” деп шкафты шайқар алдында біз, яғни жолы болған адамдар, сәттіліктің де өз жауапкершілігі бар екендігін естен шығармауымыз керек.

Пікірлер

Log in or register to post comments

Или войти через: