close

You are here

27 March 20178250

Қазақ гей манифесті

Тәуелсіздіктің шуағына шомылып туылып, бөленіп өскен ұрпақ жаңа заман үнін естіді! Заман үні бізді адам теңдігі мен құқықтары үшін күресуге, адамгершілік пен абырой жолында тер төгуге шақырады. Уақыт келді! Енді жаңа заман қазақтың гей ұлдары мен қыздарына үндеу тастайды.

“Сендердің әрекеттерің, сендердің дауыстарың, тіпті сендердің адамдық болмыстарыңның өзі қазақылыққа жатпайды” деген сөздері гей, леcби немесе бисексуал болып туылған әрбір қазақ талай естіді. Біздің тумысымыз үшін бізді айыптап, біздің жүрегімізді кернеген махаббатты күнә деп, пасықтық деп бетімізге басты. Айыптай тұра бізді өз туған мәдениетімізден, тілімізден, тарихымыздан аластатуға тырысып бақты. Біздің жанымыздың ажырамас бір бөлігін, яғни біздің сексуалдылығымызды, екінші ажырамас бөлігінен, яғни қазақылығымыздан айырып тастап, рухымызды талан-таражы етті.

Гей азамат, сенің Қазақстан мемлекетінде өмір сүріп, осы қоғамның толыққанды бір мүшесі болуды талап етуге толық құқығың бар! Бұл мемлекеттің мәдениеті, тарихы, қоғамдық құндылықтары барлығы саған да тиесілі. Сол тарихқа арқа сүйеп, өз тарихыңды жазуға саған жол ашық, осы қоғамның мүшесі бола тұра жаңа қоғам құруға қадам жасауға хақың бар. Оның себебі келесіде.

Қазақ болудың не екендігін, не болғандығын және не болатындығын кесіп айтып беретін ешбір адамның құдіреті жоқ. Қазақы болмыс заман талабына сай өзгеріп, бейімделіп отырғандығына тарих куә. Қазақстан мемлекет болып, өзге елдерге ілесе қадам басып келе жатқандығының да басты себебі осыда. Адам мен адамның теңдігін, оның бостандығы мен абыройын жалаулатып туған жаңа заман келді. Сол себепті, гей азамат, сенің қазақы болмыстың бір бөлігі болатын, сол дастарханның бір шетінен орын тебетін уақытың келіп жетті.

Қазақтың гей ұлы мен қызы, сенің бар болуға және сол шынайы болмысыңды жария етіп, өзге жұртпен тең болып өмір сүруге құқығың бар. Ол құқық біздің халықтың ежелден қанына сіңген басты құндылығына негізделген. Бұл құндылық Қазақ Хандығынан да, тіпті Ислам дінінің Ұлы далаға келуінен де ертерек замандарға тамыр жайған. Ол құндылық – қазақ ешқашан өз бауырын жауға қалдырмайды, өз баласын сыртқа теппейді. Қазіргі ғылым гомосексуалдылықтың ауру емес екендігін, жүре пайда болатын өмір салты емес екендігін, мода емес екендігін дәлелдеген заманда, біздің жүз мыңдаған бауырларымыз бен балаларымыздың өз болмысынан өзі қашып, қуыс-қуысты паналап, тығылып, сенделіп, жетімсіреп жүргендігі – қазақтың қазақтығына ең үлкен сын!

Сенің заманауи қоғамда бақытты да баянды, қорқынышсыз өмір сүруге хақың бар. Себебі, сен адам болып туылдың. Қазақтың болмысы гуманизмге негізделген. Сол гуманизмнің аясында әр адамның өмірі, оның жаны мен тәні, күллі болмысы - әлемдегі  ең үлкен құндылық, ең асыл қазына. Осы принциптерден алшақтағандықтан, сансыз гей азаматтар зорлық-зомбылыққа душар болып отыр. Біздің өміріміз бен денсаулығымызға ұдайы қауіп төніп тұрады. Алайда, одан да сорақысы, біздің болмысымыз мойындалмайды, өміріміз бағаланбайды. Адам жанының, оның тұлғасының бір бөлігін жоққа шығару оның барлық адамдық абыройын жоққа шығарумен пара-пар. Біздің әлемдегі орнымызды мойындамау, өмір сүруге деген құқығымызды аяқ асты ету – моральді адам баласына тән емес қатігездік. Қазақтың бойында да бұндай қатігездік орын алмауы тиіс.

Қазақтың гей ұлы мен қызы, заман үндеуіне құлақ түр! Еркіндік пен теңдіктің күні алыс емес. Ең бастысы, өз болмысыңа шек келтірме. Тұлғалық біртұтастығыңды сақта. Гей қазақ болудан безбе және қазақ қоғамындағы өз орныңды талап ет. Жаңа заман өзімен бірге жақсы күнді де, жаман күнді де ала келеді. Қиындықта мойыма, бекем бол!

Перевод Манифеста на русский язык 

Пікірлер