close

You are here

25 September 20172800

ӘЗІРБАЙЖАН ПОЛИЦИЯСЫ ЛГБТ-ҒА ҚЫСЫМ КӨРСЕТУДЕ

Алдымен орын алған жағдай жайында бірер сөз жазғанымыз жөн. Civil Rights Defenders  ұйымы ұсынған мәліметтер бойынша, соңғы бірнеше күннің ішінде Баку полиция қызметі ЛГБТ қауымының ең азы 100 мүшесін тұтқындаған. Ресми билік бұл шараны жезөкшелікке қарсы ұйымдастырылған деп мәлімдеген. Алайда, жергілікті белсенділер мен құқық қорғаушылардың сөзіне сүйенсек, тұтқындалғандардың арасында көшеде, барларда, тіпті өз пәтерлерінен ұстап әкеткен трансгендерлер мен гомосексуалды азаматтар бар көрінеді.

Тұтқындалғандардың нақты санын айту қиынға соғып тұр. Ұсталғандардан хабар алу мүмкіндігі жоқ, ал босатылғандар әрі қарай қуғындайды деген қауіппен сұхбат беруден бас тартқан.

Әзірбайжан белсенділері тұтқындарды ұрып-соғып, еркіне қарсы медициналық тексерістер өткізіп, ал трансгендер әйелдердің шаштарын қырғандығын хабарлайды. Сонымен қатар, кейбір тұтқындалған азаматтарды “сексуалдылығың туралы жайып саламыз” деген бопсамен саяси астары бар қылмыстық істерде куәгерлік етуге мәжбүр еткендігі туралы да мәліметтер бар.

Шенеуніктер өз ресми мәлімдемелерінде ұсталғандар қоғамға қауіпті ауруларды таратушы немесе нашақорлар болғандығы туралы бірнеше рет айтқан болатын, алайда бұл сөздеріне ешқандай дәлел келтіре алған жоқ. Әзірбайжан БАҚ-ның бірқатары ресми биліктің бұл әрекеттеріне ашық түрде қолдау көрсеткен. Оның ішінде бір баспа тұтқындалғандар бірқатар қауіпті ауруларды, соның ішінде ЖИТС таратушылар деп жазған. Тағы да бір белгілі сайт өз мақаласының тақырыбын “Гейлерді аулау науқаны ашылды!” деп қойған.

Сонымен қатар, полиция тұтқындау барысында азаматтардың сыртқы келбетіне аса назар аударып, оның ішіндегі “ұлттық-дәстүрлі құндылықтарға сәйкес келмейтіндерді” ұстаған көрінеді.

Осы мәселеге байланысты Kok.team редакциясы Әзірбайжандағы алғашқы ЛГБТ журнал Minority Azerbaijan басылымындағы әріптестерінен сұхбат алды.

Kok.team: Қазір жағдай қалай өрбіп жатыр, тұтқындау әлі де жалғасып жатыр ма?

Minority Azerbaijan: Бізге келіп түскен мәліметтер бойынша соңғы екі күннің ішінде тұтқындау фактісі орын алмаған. Алайда тоқтату және айыппұл салу әлі де жалғасуда. Ұсталғандарға сағат 23.00-ден кейін қала ішінде жүрмеуге нұсқау берілген. Әзірге біз де әліптің артын бағып отырмыз.

Kok.team: Азаматтарды өз үйлерінен ұстап әкеткен ба, әлде гей клуб немесе гей барлар секілді қоғамдық орындарды тінтіген ба?

Minority Azerbaijan: Адамдар клубтарда да, көшеде де ұсталған. Кейбіреулерін тіпті жұмыс орнына немесе үйінен келіп әкеткен. Егер пәтер жалдап тұратындар болса, пәтердің егелеріне қысым жасалған.

Kok.team: Біздің оқығанымызша, негізінен трансгендер әйелдер мен гейлерді ұстаған көрінеді. Неліктен нақты осы екі топты көздеген? Лесбияндардың арасында ұсталғандар бар ма?

Minority Azerbaijan: Осыған дейін бізге тек бір лесбиян әйелдің ұсталғаны туралы мәлімет келіп түсті. Бұл лесбияндарды сырттай танып білудің қиындығына байланысты болса керек. Ал гей еркектер мен трансгендер әйелдерді анықтау біршама оңай. Олар көзге көрінеді. Оның үстіне жалпы қоғамда лесбияндарға қарағанда гейлер мен трансгендерлерге деген қысым артық.

Kok.team: Сіздің ойыңызша, мемлекеттің бұл саясатына не түрткі болды? Әзірбайжан үкіметі Шешенстандық биліктен айырмашылығы, тұтқындау фактілері орын алғандығын жоққа шығарып отырған жоқ қой.

Minority Azerbaijan: Болған жағдайдың себептерін әркім әрқалай түсіндіреді. Алдымен БАҚ-та тұтқындау ЖИТС-ке байланысты деген ақпарат тарады. Яғни, полиция жұмыс және демалыс орындарын бақылауға алу үшін гей және трансгендер азаматтарды ұстаған-мыс. Тұтқындалғандар ауру таратып жүргендерін мойындаған-мыс. Алайда, тек бүгін біз Денсаулық сақтау Министрлігінің ресми жауабын оқыдық. Жауапта полицияның бірде-бір рет ЖИТС тексеруге тапсырыс бермегендігі айтылған. ІІМ баспасөз қызметі де ауру тарату жайлы нұсқаны жоққа шығарды. БАҚ сонымен қатар ІІМ ұлттық-моральдік құндылықтарға қайшы келетіндердің барлығының көзін құртуға нұсқаулық берген деп те хабарлайды (бұл заңға қарсы). Алайда, бұл жағдай жайында ІІМ ресми анықтама берген жоқ. Тағы да бір бейресми нұсқа бойынша, полиция тұтқындарды жақында митингі өткізген және жақын арада тағы да өткізуді жоспарлаған оппозициялық партиялардың мүшелеріне қарсы куәгерлік қылуға қолданбақшы болған дейді.

Kok.team: Әзірбайжанда гей-активизм қаншалықты дамыған? ЛГБТ ұйымдары қолдау көрсетіп жатыр ма?

Minority Azerbaijan: Әзірбайжанда гей-активизм онша дамымаған. Себебі, көпшілік өзі жайлы және өз құқықтары жайлы ашық айтуға әлі де қорқақтайды. Адам құқықтары саласында жүрген көптеген жас белсенділер ЛГБТ қауымдастығына өз қолдауларын білдірді. Журналисттер де белсенді түрде жаңалықтарды жеткізіп отырды. Сонымен қатар, бірнеше юристтер мен адвокаттар бізге тегін қызмет көрсетуге келісімін берді. Алайда, біз оппозициялық партиялар мен жастар саяси ұйымдары тарапынан ешқандай жауап ала алмадық. Көбіне тек жекелеген тұлғалар қолдау көрсетіп жатты.

Пікірлер

Log in or register to post comments

Или войти через: