Закрыть

Вы здесь

14 августа 20176054

Сені сүйген жүрегімнің лүпілінен айналайын

Өткен аптада бір балаға ғашық болғаны соншалық жүрегі кеудесінен атып шығуға дайын тұрған мектеп жасындағы бала жайлы қысқа метражды фильм YouTube желісінде 72 сағаттың ішінде 10 миллион рет тамашаланып, барлық әлемнің жүрегін жаулаған болатын. Бұл үш күн фильмнің авторлары Бет Дэвид пен Эстебан Браво үшін ақылға сыймас бақыт әкелді. Төрт минуттық видеоны жасап шығару үшін он сегіз ай жұмсаған авторлар фильмнің осыншалықтың жылы қабылдануының себебі авторлар мен персонаждардың арасындағы жеке байланыста деп біледі.

In a Hearbeat (Жүрек лүпілі) фильмін жасап шығарған екі адам, АҚШ-тың Огайо штатының тумасы, жария лесбиян Дэвид пен Мехико қаласынан келген жария гей Эстебан Флорида штатында сандық анимация бағдарламасы бойынша бірге оқыған. Авторлардың екеуі де мектеп жылдарын Католик мектептерінде өткізген.  Бэт Дэвидтің айтуы бойынша олар өздері мектеп жасында қандай материал көргілері келсе, сондай видео жасауға тырысқандығы жөнінде айтады. “Персонаждар басынан өткерген үрей мен ұят сезімдері біздің де басымыздан өткен, сол себепті бұл ерекше жанымызға жақын оқиға” дейді Дэвид. Ал Браво болса, фильмді жасау барысында өз жұмыстасы Дэвидпен ЛГБТ болудың қандай екендігі жайында жиі әрі ұзақ әңгімелескендігі жөнінде айтады. 

Сонымен қатар төрт минуттық видеоға соншалықты сезім мен ойды сыйдыру ауыр болғанына қарамастан, барлық әлемнен келген позитивті баға Дэвид пен Браво күрделі сезімдерді ерекше қысқа әрі нұсқа еткізіп жеткізе білгендігін дәлелдейді. Желіге шығарылған сәттен бастап осы мақаланың жазылу мезетіне дейін видеоны 23 миллионнан артық адам тамашалап үлгерген.

Идея өз бастамасын 2015 жылы алған. Алғашында ұл мен қыздың арасындағы оқиға ретінде жоспарланған видео кейіннен өзгертіледі. Оқиғаның соңғы нұсқасы Шервин атты баланың өз мектебіндегі сұлу жігіт Джонатанға ғашық болғандығын баяндайды. Фильмнің сюжеті бойынша екі баланың жасы 13-14 шамасында. Дэвид дәл осы уақытта болған ғашықтық жүректе ерекше із қалдыратындығын айтады. Екі ұлдың киген киімін қазіргі уақытта көптеген Католик мектептерінен кездестірсе болады. Дэвид: “Фильмдегі мектептің кіреберіс есігі менің ескі мектебімнің есігінің жобасымен жасалған” дейді. Бравоның айтуы бойынша мектеп жобасы ескілік пен дәстүрді білдіру үшін арнайы готикалық стильде жасалған. Бұндай мектеп әлбетте гей жасөспірімдер үшін оңтайлы жер емес. Мектептің атмосферасының өзі жас бала Шервиннің санасында жүріп жатқан сансыз шайқастардан хабар беріп, оның эмоцияларын көрсетуге бағытталған.

Авторлар өз туындысының осындай кең аудитория тапқанына өте қуанышты. “Біз екеуміз де бұл видеоның сәтті шығуының себебі оның арғы жағындағы оқиғаның шынайылығында және оның көптеген ЛГБТ тұлғалардың жүрегіне жақын екендігінде болды деп ойлаймыз” дейді Дэвид. Ал Браво болса туындының тек қана ЛГБТ емес, гетеросексуалды қауымның арасында да жылы қабылданғанына қуанышты екендігін айтады. “Бұл видеоны көрген ЛГБТ қауымына біз тек қана олардың жалғыз емес екендігін жеткізгіміз келді. Ал ЛГБТ емес қауым осы видеоны көру арқылы өздері ғашық болған кезде жүректеріне қалай әмір жүрмейтін болса, ЛГБТ да дәл сондай сезімдерді бастан кешіретіндігін түсінсе деп үміттендік” дейді ол.

Дереккөз: advocate.com

Комментарии

Войдите или зарегистрируйтесь, чтобы отправлять комментарии